Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен аппараттың апталық мәжілісі өтіп, күн тәртібінде фитосанитариялық қауіпсіздік және шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес мәселелері қаралды. Жиын барысында өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне шегірткеге қарсы күрес шараларын сапалы әрі уақтылы ұйымдастыруды тапсырды.
Жиында зиянкестерді анықтау-зерттеу жұмыстарын күшейту, қажетті техникалар мен су жеткізуді қамтамасыз ету, қосымша бүріккіш құралдарды тарту және барлық күштерді үйлестіре отырып, науқанды жоғары деңгейде өткізу міндеттелді. Облыстық бюджеттен жыл сайын тиісті қаржы бөлініп, залалсыздандыру шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылы бұл мақсатқа 535 млн теңге бөлініп, 150 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Ал 2026 жылы 133 млн теңге қарастырылып, 36 мың гектар аумақты өңдеу жоспарланып отыр.
Оның мәліметінше, 2025 жылы облыста шегіртке зиянкестеріне қарсы 715,3 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, 341 бірлік арнайы техника мен 900-ден астам аспалы бүріккіш қолданылған. Жалпы 2 700-ден астам адам жұмылдырылған. 2026 жылы 11 ауданда 421,5 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жоспарланған. Бүгінде қаржыландыру көлеміне сәйкес 374,1 мың гектарды қамту көзделіп отыр.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары құрғақшылықтың әсерінен шегірткелердің таралу қаупі сақталып отыр. Осыған байланысты биыл күрес шаралары күшейтіліп, 400-ден астам бүріккіш техника, 4 АН-2 ұшағы мен дрондар жұмылдырылмақ. Өңір аумағы 65 секторға бөлініп, жұмыс топтары бекітілген.
Биыл шегірткеге қарсы күрес шараларына жалпы 2030 адамды жұмылдыру жоспарланған. Оның ішінде 65 инспектор, 65 болжам орталығының маманы, 200 жергілікті атқарушы орган қызметкері, 200 ветеринария саласының маманы, 400 табиғат қорғау қызметкері және 1100 уақытша анықтаушы бар. Сондай-ақ агротехникалық шаралар аясында 2,2 мың гектар аумақта жер жырту жұмыстары жүргізіліп, оның жартысы игерілген. Бұл әдіс зиянкестердің көбеюін 35-50 пайызға төмендетуге мүмкіндік берген.