Түркістанның іскер әйелдері «Тазару күні» бастамасын жалғады. «Мәдени мұраны бірге сақтайық» атты республикалық акцияға үлес қосты. Шара Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының 30 жылдығына орай және «Madenietti Mura» жобасы шеңберінде Қазақстан Азаматтық Альянсы тарапынан жүзеге асырылып, тарихи-мәдени мұраны сақтау, сондай-ақ қоғамда экологиялық және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруды көздейді.


Түркістан облысы Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері демеушілік көрсетіп, 100 түп жеміс ағашы, 30 түп шырша және 100 түп раушан гүлі отырғызды. Акцияның салтанатты ашылуы 2026 жылғы 31 наурызда Түркістан облысындағы Гауһар ана кесенесі аумағында өтті.


Бүгінде тарихи ескерткіштер мен мәдени кеңістіктерді сақтау мәселесі ерекше маңызға ие. Осыған орай, акция тарихи және қоғамдық маңызы бар нысандарды тазалау, абаттандыру және қорғау бағытындағы нақты іс-шараларды жүзеге асыру үшін азаматтық қоғам өкілдері, еріктілер, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар мен жергілікті қауымдастықтардың күшін біріктіруге бағытталған.


Акция аясында мәдени мұра нысандарын тазалау және абаттандыру бойынша волонтерлік жұмыстармен қатар, жастар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен ақпараттық-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл бастама азаматтар мен ұйымдардың мәдени құндылықтарды сақтау жолындағы ортақ жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін нығайтуға ықпал етеді.