Шымкентте санитарлық талапты бұзғандарға 58 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Тұрғындардың басым бөлігі қоғамдық тамақтану орындарына қатысты шағымданған. Сондай-ақ сауда орындары мен жеке медициналық мекемелерге қатысты арыз-шағымдар да жиі тіркелген.
Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен жылы қалада 61 нысан жоспарлы түрде, ал 175 нысан жоспардан тыс арыз-шағымдар негізінде тексерілген. Тексеру қорытындысы бойынша санитарлық талапты бұзғандарға 288 әкімшілік шара қолданылып, 58 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.
АЛДАРҚҰЛ АХМЕТОВ, САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Тексерулерде анықталған негізгі кемшіліктер: көп нысандарда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауы, оның ішінде дезинфекциялық режим, нысандарды жуып-тазалау тәртібі, жеке бастың гигиенасын сақтау, дезинфекциялық ерітінділердің талапқа сай келмеуі және кейбір нысандарда санитарлық эпидемиологиялық қорытындысының болмауы.
Сонымен қатар дезинфекциялық ерітінділердің сәйкессіздігі анықталып, қызметкерлердің медициналық тексеруден уақытылы өтпеуі немесе мерзімінің өтіп кетуі жиі кездескен.
АЛДАРҚҰЛ АХМЕТОВ, САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Өткен жылы тексерілген 61 нысанның 37-сі профилактикалық бақылау үшін барған кезде анықталған кемшіліктер бойынша айыппұл салынбаған. Заң бойынша, мұндай нысандарға санитарлық ұйғарым беріліп, кемшілікті жою талап етіледі. Жоспарлы тексеру кезінде ғана айыппұл салынады. Негізгі тексерулер білім беру ұйымдары мен медициналық ұйымдарға жүргізілген.
Былтыр департаментке барлығы 3179 өтініш түскен, оның 2899-ы жеке азаматтардан. Тұрғындардың басым бөлігі қоғамдық тамақтану орындарына шағымданған. Спикердің сөзінше, өткен жылы қалада тағамнан уланудың 4 дерегі тіркелген.