Түркістан облысында өндіріс орындарының қатары артып, өнеркәсіп саласында оң өзгерістер байқалады. Соның ішінде кәсіпкерлік саласы Сарыағашта қарқынды дамуда. Облыс әкімі өңірге арнайы барып, өндіріс орындарын аралады. Ең алдымен Нұралхан Көшеров профил пластик өндіретін ЖК «Ерғали» жеке кәсіпкерлік нысанының жұмыс жүйесімен танысты.
2017 жылы ашылған цехта есіктер мен терезелерге арналған және өзге де салаларға қажетті пластик пен профиль өнімдері шығарылады. Тауарлары ел ішінен бөлек, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттеріне экспортталады. Мұндағы жабдықтар мен қондырғылар Италия және Ресей мемлекеттерінен әкелінген. Кәсіпорын жетекшісі цехтың жұмыс жүйесін баяндап, өндірілетін тауар түрлерімен таныстырды. Нұралхан Көшеров өндіріс орнын аралап, өңірде кәсіпкерлік саласын одан әрі дамыту бағытында жан-жақты жұмыс жүргізуді тапсырды. Кәсіпкер кәсібін кеңейтетін болса, тиісті қолдау болатынын айтты.
Облыс әкімі аудандағы сапарын Жібек жолы елді мекенінде жалғады. Ауылда орналасқан “Бесқара” ЖШС-нің мал сою бекетінің жұмысымен танысып, аралап көрді. Мұнда тәулігіне 128 ірі қара, 600 бас уақ мал союға қауқарлы. 30 тұрғын жұмыспен қамтылған. Заманауи кешен биыл пайдалануға берілді. Ірі қара малдар Орталық және Солтүстік Қазақтан облыстарынан тасымалданып, арнайы орында сойылады. Ал дайын болған өнім еліміздің барлық өңірлеріне және “Нәрлен” ет өңдеу цехына жөнелтіледі. Сондай – ақ, өнімдер Өзбекстан еліне экспортталады.
Сарыағаштағы су тазалау-дайындау кешенінде болған аймақ басшысы ауданын сумен толық қамту мәселесін қарады. Мамандарға осы бағыттағы жұмыстарды сапалы атқаруды тапсырған Нұралхан Көшеров өзекті мәселенің күн тәртібінен түспеуін қадап айтты. Ауданда жалпы 16 насос стансасы мен 42 таза су қоймасы және 14 қысымды су мұнарасы қызметін жалғастыруда. Аталған су тазарту кешені Сарыағаш, Келес аудандарына қарасты 25 елді мекенді оның ішінде 24 548 абонетті таза ауыз сумен қамтамасыз етеді.