Көлік полицейлері тәртіп бұзған 300-ден аса жолаушыны әуе рейстерінен түсірді. Жыл басынан бері полицейлер әуе рейстерінде түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол берген 349 жолаушыны рейстен акті негізінде түсіріп алған. Жолдан қалғандардың 200-і алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін, 96-сы ұшақ бортында темекі шеккені үшін жауапқа тартылған.


 Қалған жолаушылар өзге де тәртіп бұзушылықтар жасаған. Мысалы 3 тамыз күні Астана қаласының халықаралық әуежайына Франкфурт – Астана бағытындағы әуе рейсі келгеннен кейін, желілік полиция бөлімінің қызметкерлері рейс барысында ережені бұзған 46 жастағы Германия азаматын ұстаған. Тексеру барысында шетелдік азаматтың ұшу кезінде әуе кемесінде белгіленген талаптарға қарамастан темекі шеккені анықталған. Бұл әрекеті арқылы жолаушы қоғамдық тәртіп пен ұшу қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзған.