Ауылым – Арыс жағасында» өнер фестивальі Шәмші Қалдаяқовтың ән кешіне жалғасты. Арыс жағасын жағалай орналасқан ауыл тұрғындары жерлестерінің әнін шырқап, Темірлан ауылының аспапын әнмен көмкерді. Жақында ашылған Шәмші аллеясында өткен шараға Шұбар, Шұбарсу елдімекендерінің өнерпаздары да қатысып, қазақ өнерінің өміршеңдігін тағы бір дәлелдеді.


Концертте алғашқы нөмірде сөз маржанын теріп, өмір ақиқаты мен қуанышын, жақсылығы мен шарапатын жырлайтын – ұлт руханиятының асыл қазыналарының бірі – «арнау» өнеріне кезек берілді. Өткеннің өнегесін жалғаған «Асыл әжелер» тобының өнері де ұлтық рухтың алтын арқауы болды.


Сезімнің сырын тілсіз жеткізетін сиқырлы әлем, әр қимылда тарихтың тынысы мен рухтың үні сақталған – би өнері де қалыс қалған жоқ.


Одан бөлек концерт эстрада жанрындағы әндерімен, домбырашылар тобының күйлерімен, әдеби композициямен және ауылдың алты ауызымен толықты. Іс-шара соңында Орынбасары Олжас Болатханұлы бірқатар өнер және еңбек адамдарын марапаттады.Шара қорытындысында қазылар алқасының шешімімен Шұбарсу ауыл округінің өнер ұжымы жеңіске жетті.