Мәдениет басқармасы жазушыларды қолдауға, арнайы сыйақы тағайындауға ниетті. Еске сала кетейік, былтыр Жазушылар одағының Шымкенттегі филиалы есеп беру кешінде үндеу тастап, әкімдікке ұсыным жолдаған. Сол кезде жергілікті атқарушы билік тарапынан жыл сайын тұрақты түрде 5 қаламгердің кітабын шығарып, ақын-жазушыларға грант бөлінсе деген өтінім жасалған еді. Осыған байланысты қандай шешім қабылданды? Қанат Жолдасбек айтсын.
МОМБЕК ӘБДІӘКІМҰЛЫ, ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ // БЕЙНЕҚОР //
– «Барлық жерде, барлық қалада, Алматыдан бастап әкімдік қалагерлерге арнайы грант бөледі. Біздің қалада да қазір 34 одақтың мүшесі бар. Сол 34 адамға белгілі бір мөлшерде 300 мың бола ма, 400 мың бола ма... Грант табыстаса екен деген ұсынысты тағы айтамыз.»
Осылай деген Момбек Әбдіәкімұлы қаламгерлерге қаржылай қолдау қажетін айтқан. Арадан біршама уақыт өтіп, мезгіл алмасты. Ұсыным ескерілді ме? Мөлдір Оңдасынованың сөзінше, бұған дейін басқарма мен кітапханалар құзіретінде кітап шығару мүмкіндігі болмаған. Былтыр жауаптылар тиісті ұсыным жасап, ережеге өзгеріс енгізіпті. Енді қала бюджеті есебінен жазушылардың кітаптары жарық көреді. Бірақ қаламгерлер ескеруі тиіс жайт бар.
МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Кез-келген кітапты шығару үшін оның ішкі мазмұнына үңілуіміз керек. Сондай-ақ ол кітаптар ҚЖО-ның жанындағы сараптамалық кеңесінен өткені дұрыс деп есептейміз. Осындай кезеңдерден өткен соң біз кітапты басып шығаруға бюджеттік өтінім беретін боламыз.»
Ал жазушыларға арнайы грант бөлу мәселесі алдағы уақытта жіті талдаудан өтіп, талқыланатын болады. Жауапты маманның сөзінше басқарма бұл ұсынымды қолдайды, жүзеге асыруға ниетті.
МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Біз бұл мәселені қолдаймыз. Бас-аяғы 30 ғана жазушымызға неге грант бөлмеске? Біз қарсы емеспіз. Бірақ, нақты құжаттарға сүйенуіміз керек. Құжаттамаларды қазір біз қарастырудамыз. Алматы, Астанамен ақылдасып жатырмыз. Зерделеп жатырмыз.»
Айта кетейік, бүгін республика аумағында ұлттық кітап күні атап өтіледі. Бұл ұсынымды мемлекет басшысы беріп, «Кітап оқу – рухани кемелдіктің қайнар көзі. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады» деп атап өтті. Ұранды ойды негізге алған Мәдениет басқармасы апта бойы түрлі іс-шара ұйымдастырып, оқырман сұранысына сай әрекеттенді