Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Мысыр астанасы Каир қаласында халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы ұсталды. Полиция кз-тің хабарлауынша: күдікті 2023 жылы адамдар тобымен алдын-ала сөз байласып, жәбірленушілердің атына автокөліктерді несиеге рәсімдеген. Кейін оны үшінші тұлғаларға сатқан. Осы бойынша полицияға 105 азамат арызданған.


Келтірілген жалпы материалдық шығын 1,5 миллиард теңгеден асқан. Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бапы 4-бөлігі – аса ірі көлемде жасалған алаяқтық; 262-бапы 1-бөлігі – ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, оларға қатысу; 217-баптың 1-бөлігі – қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктіні криминалдық полиция қызметкерлері Шымкент қаласына жеткізген.