Руслан Берденовке жасалған қастандық бойынша сот отырысы басталды. Басты күдікті 31 жастағы Ернар Жиембай. Ол алғашқы тыңдалымға арнайы жасақпен жеткізілсе, жәбірленуші сотқа келмеді. Бұл туралы қорғаушысы қала әкімінің орынбасары денсаулығына байланысты ем қабылдап жатқанын жеткізді.
Айыпталушы Ернар Жиембай сотта өзін фото- және бейнежазбаға түсіруге қарсы шығып, судья оны бірден қанағаттандырды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің екі бірдей бабы бойынша яғни, "Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу" және "Адам өлтіру" бойынша айып тағылып отыр. Прокурордың айыптау қорытындысына сәйкес, Жиембай аңшы мылтығын алдын – ала сайлап, оның жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізген. Содан кейін барып, Берденовтың жолын тосып, мылтығынан бес рет оқ атқан. Және тағы атуға оқталғанда, оқ-дәрісі таусылған. Сол сәтте қала әкімі орынбасарының жүргізушісі күдіктіні автокөлікпен қағып өткен. Сотта Жиембайдың қылмысқа баруына бірден – бір себеп, оның лауазымды қызметтен босауымен байланыстырылды. Оған шыдамаған күдікті ішімдікке сылқия тойып алып, тікелей бастығын өлтіруді көздеген көрінеді. Еске сала кетейік, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке үстіміздегі жылдың 21 сәуірде жұмыс орны алдында қастандық жасалған болатын. Келесі сот отырысын судья Әбинұр Қарабаев 6 тамыз күні сағат 10:00-ге белгілеп, процеске жәбірленушінің жеке қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды.