Шымкентте туристерге арналған арнайы чип карталар қолданысқа енгізілді. Жаңа жүйе арқылы әлем кезген саяхатшылар қаламыздың туристік бағыттары мен тарихи жерлерін және қонақүйлер мен дәмханалар туралы толық ақпарат ала алады. Желілік полиция қызметкерлері қаламызға саяхаттап келген шетелдік туристерге жаңа жүйені түсіндіріп, чип карталар таратты. Жалпы жыл басынан бері 85 мың туристке осындай қызмет көрсетілген.
Әзербайджандық Али Аббасов Шымкентке жылда келіп тұрады екен. Оған миллионды қаланы аралап, тарихи орындарды тамашалау қатты ұнайды. Шымкенттің асханасы өте керемет, астары дәмді, тіл үйіреді. Сондықтан жылда келемін, дейді турист. Енді интернет жүйе қаланы бұдан да жақынырақ танып білуіне көмектеседі.
АЛИ АББАСОВ, ТУРИСТ
Мен Қазақстанға жыл сайын келіп тұрамын. Мұнда бәрі өте жақсы. Мұнда чек-карта да бар. Өте тиімді. Мен көп елдерде болдым. Беларусь, Ресейде болдым, Еуропаға да барамын. Қазір үйге — Әзірбайжанға қайтып бара жатырмын. Мен ол жақта бәріне айтамын: бұл картаны қолдандым, өте тиімді болды. Мен ешбір елде тегін SIM-карта таратқанын көрмедім. Мұндай картаны бірінші рет Қазақстанда көрдім. Барша Қазақстан халқына рахмет.
Жаңа жүйеде қаланың көрікті жерлерімен қатар құзырлы орган өкілдері және төтенше жағдай қызметі де бар. Бұл қауіпсіздік үшін қажет. Оған қоса қаланың туристік әлеуеті қамтылған. Бір сөзбен айтқанда туристке қажетті қызметтің бәрі бар. Карта көмегімен такси де шақыруға болады. Ол үшін тек QR-коды сканерлесеңіз болғаны. Желілік полицейлер туристерге жаңа қызмет түрін түсіндіріп, картаны қалай қолдануға болатытын көрсетіп берді.
БЕЙБАРЫС ЖҰМАХАН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘУЕЖАЙЫНДАҒЫ ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ КӨШІ-ҚОН ТОБЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ
Чипті карта алғаш қосылған сәттен-ақ пайдаланушының телефонында қажетті ақпарат автоматты түрде көрсетіледі.Сонымен қатар, карта іске қосылған мезетте жақындармен байланыс орнату мақсатында арнайы 1 ГБ көлемінде тегін интернет беріледі.
Карточкалар шетел азаматтарының Қазақстан аумағында өзін қауіпсіз сезінуіне көмектеседі. Теміржол және әуе көлігін пайдаланатын барлық туристке осындай симкалар таратылады. «Цифрлы Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылған бұл бастама – отандық туризмдегі жаңа кезеңнің бастауы болмақ.