Шымкентте қолданысқа берілгеніне небәрі 8 жыл болған жаңа мектептің жаттығу залы апатты деп танылды. Қабырғасы қақыраған спорт залында сабақ өткізуге тиым салынған. Ал оны жаңа оқу жылына дейін қайта күрделі жөндеуден өткізу ісі созбалаңға салынып барады. Мәселе қалай шешіледі? Тараптарды әріптесім тыңдап көрді.
Типтік үлгіде салынған мектептің тоғыз жылға жетпей тозығы шыға бастады. Бала өміріне алаңдаған білім ордасының басшылығы бүлінген спорт залын жауып, сабақ өткізуге түбегейлі тыйым салған. Өйткені бірнеше рет су астында қалып, табаны төрт елі төмендеп кеткенін айтады. Салдарынан қабырғасында да жарықшақтар пайда бола бастаған.
ӨМІРЗАҚ КЕРІМБЕКОВ, №125 ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Дуалдарды көрдіңіздер. Жарылып, бір-бірінен ажырағандары күшейе бастады. Мысалы үшін 2024 жылы кішкене шелдің көлемі бір елі болса, қазір 2025 жылы екі еліден асты. Сол себепті сол оқу жылдарында бізде бұл спорт залында сабақтар өтілмеді.
Мектеп ұжымы құрылыстағы кемшілікті қолданысқа берілген жылы байқаған. Айтуларынша, алғашында оқу кабинеттерінің де едені шөгіп, іргесі сөгілген.Осыған байланысты тексеру тағайындалды. Тәуелсіз сарапшылардың зерттеу қорытындысына сәйкес мектеп ғимаратының жер асты су деңгейі көтерілгені анықталды.
ЕРЛАН ПІРІМҚҰЛОВ, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Техникалық сараптамалық құжат бойынша оны қайта құрсаулау, қайта апаттың алдын алу жұмыстары жүргізілуі керек болатын. Ол жердің суы мектептің төбесінен немесе қардың еріген сулары емес жер асты суы екені анықталып отыр.
Ал құрылыс басқармасының өкілдері болса қайта техникалық сараптама жасалатынын мәлімдеді. Соның негізінде шешім де қабылданады. Ал мердігердің тапсырған жұмысына тиісті бағалау жүргізілген.
АЙДЫН НӘШЕНОВ, ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бір адам қабылдаған жоққой. Техникалық қадағалаушы, авторлық қадағалаушы, мердігер бар, тапсырыс беруші бар.Бәрі тексеріп, қабылдаған. Ол құрылыс жүргізілген кезде су деңгейі төмен болса, қазіргі таңда көтерілуі мүмкін. Болмаса бір жерінен су кетті ме екен. Оны қазір анықтаудамыз.
Қайнарбұлақ тұрғын алабында орналасқан мектепте 2 мың 300 бала екі ауысыммен оқиды. Құрылысқа қазынадан 1 миллиард 100 миллион теңге жұмсалған. Енді нысанға күрделі жөндеу қажеттігі расталса оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар мердігерлердің өз есебінен жүргізілмек.