Спорттық білім беру жүйесіне кадр даярлаудың жаңа санаттары енгізілді. Бұған дейін оқыту жүйесі мектептегі дене шынықтыру пәніне бағытталған «Дене шынықтыру» мамандығы аясында ғана жүргізілсе, енді жаттықтырушы, әдістеме, оңалту, инклюзивті және цифрлық спорт бағыттарын қамтитын арнайы бағдарламалар да іске қосылмақ.
Бұл – елімізде спорт мамандарын даярлауға жүйелі әрі ғылыми тәсіл қолданудың алғашқы қадамы, - дейді туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі. Енді дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының базасында: Жаттықтырушылық қызмет, Спорт және сауықтыру саласындағы нұсқаушы-әдіскер, Спорттық оңалту, Үстел үсті спорт түрлерінен педагог-жаттықтырушы, Киберспорт сынды мамандар даярланады. Барлық бағдарламада тәжірибеге басымдық берілген. Студенттер оқу барысында спорт федерацияларында, клубтарда, инклюзивті және оңалту орталықтарында тағылымдамадан өтіп, нақты жағдайларда кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Оқу модульдеріне спорттық талдау негіздері, құқықтық дайындық, жекелей жаттығу жүйесі, жарақаттың алдын алу, алғашқы көмек және спорт психологиясы сияқты пәндер енгізілген.