Шымкенттік полицейлер көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан түркістандық азаматты ұстады. Ауди автокөлігін тізгіндеген жүргізуші Тәукехан мен Дулати көшелерінің қиылысында көзге түскен. Ал, Рысқұлов-Дулати көшелерінің ққиылысында көлік басқару құқығынан айырылған қауіпті жүргізушіні ұстады. Қылмыс топтамасында толығырақ.
«Audi S-4» маркалы автокөлігін 31 жастағы түркістандық ер адам басқарған.Ол авто көлікке жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан. Полицейлер заң бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі «Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi бар көлiк құралын басқару» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен жүргізуші 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 1 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.
ҚАУІПТІ ЖҮРГІЗУШІ ҰСТАЛДЫ
«Құқықтық тәртіп» жол патрульдік іс-шарасы барысында шымкенттік полицейлер көлік басқару құқығынан айырылған қауіпті жүргізушіні ұстады. «BMW-525» автокөлігін тізгіндеген жігіт Рысқұлов-Дулати көшелерінің бойында тоқтатылды. Құжаттарды тексеру кезінде ол бұған дейін қарсы бағытқа шыққаны үшін 6 айға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Соған қарамастан, 21 жастағы жергілікті тұрғын қайта рөлге отырған. Заң бұзушыға қатысты әкімшілік кодекстің 612-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Айта кетейік, жоғарыда аталған заң бұзушылыққа жол бергені үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.
70 ЕҢБЕК МИГРАНТЫ ҰСТАЛДЫ
Өзбекстаннан келген 70 еңбек мигрнаты ұсталды. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ пен Абай АПБ-ның көші-қон қызметкерлері оларды қаладағы құрылыс алаңдарының бірінен анықтаған. Шетел азаматтары полиция басқармасына жеткізіліп, жеке басын растайтын құжаттары мен Қазақстанда болу заңдылығы тексерілді. Нәтижесінде, 50 азаматқа қатысты үш бап бойынша хаттама толтырылды. Тағы 20 ер адам жеке басын растайын құжаттары болмауына байланысты қабылдап-тарату орталығына орналастырылды. Айта кетейік, 20-23 қараша аралығында қала аумағында «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.