Транспорт саласындағы мәселе қоғамдық кеңес отырысында да көтерілді. Белсенділер халықты алаңдатып жатқан сауалдарды қойып, жауап алды. Басқарма басшысының сөзінше, қоғамдық кеңес тарапынан басқармаға түскен ұсыныстар рет-ретімен орындалып жатыр екен.   

Шымкентте жол жөндеу маусымы басталды. Орташа жөндеуге 22 мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған, қазір тиісті құжаттама жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Басқарма басшысының баяндамасына сүйенсек, жолаушылар көлігі саласында да өзекті мәселе жетерлік. Қазір 77 бағыт бойынша әлеуметтік маңызы бар маршрут жүреді. 916 кестемен көліктер жүріп жатыр. 1000-нан аса автобус қызмет көрсетіп келеді.

Қалаға жаңадан келіп жатқан автобустардың бәрі стандарт бойынша 12,5 метрлік болуы қажет. Ал 8,5 метрлік көліктер қаланың сырт жағында орналасқан шағын аудандарға қатынайды. Себебі, аталған маңда көшелер тым тар. Ал шаһар орталығындағы жолда алып автобустар жолаушы тасымалын жалғастыра бермек.

1 мамырдан бастап қалада тағы 14 маршрутқа өзгерістер енгізілуі мүмкін. Мұның бәрі халықтың сұранысы болса, екінші жағынан экономикалық тиімділігі қарастырылып отыр. Басқарма басшысы белсенділердің сұрағына жауап беріп, алдағы уақытта шешілмей жатқан мәселелердің түйіні тарқатылатынын айтты.