Соңғы үлгідегі ең қымбат смартфон. «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде балаларды өлең сөзге ынталандыратын осындай сыйлық тағайындалған. «Кітап Live» жобасы аясында білім ошағы мектеп оқушылары арасында байқау ұйымдастырды. Жырды жаны сүйетін жеткіншектердің өнерін біз де тамашалап келген болатынбыз.

Зияткерлік байқау жоғары сынып оқушыларының арасында ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат – Шымкенттегі мектеп оқушылары арасында кітап оқуды насихаттау, шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын шыңдау дейді ұйымдастырушылар. Ұлтжандылыққа тәрбиелеп, ойын еркін жеткізуге баулу.

Жарысқа шаһардағы танымал құрылыс компаниясы демеушілік жасапты. Кәсіпкерлердің басты мақсаты – балалардың талабын шыңдап, қанат бітіру, ел игілігіне жарар іске қолдау білдіру.

 Жалпы байқау шарттары – балалардың өлең оқып, әлеуметтік желіге видеосын жүктеуі, ал екінші кезеңінде Ә. Нұршайықовтың «Аңыз бен ақиқат» кітабын оқып шығып, сюжеті бойынша тест тапсырған. Үздіктер ақтық кезеңде өнер көрсетті.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек  мұндай іс-шараларды әкімдік қолдайтынын жеткізді. Білім басқармасы өткізетін деңгейдегі байқау ұйымдастырған тұлғаларға алғысын білдірді.

22 бала өнер мектебінің сахнасына шығып, өлең немесе шығармадан үзінді оқыды. Сұрақтарға жауап берді. Үздіктерге фестивальдің арнайы Кубогы, қымбат ұялы телефон мен лауреат дипломдары, смарт сағат, AirPods пен балаларға қажет өзге де сыйлықтар ұсынылды.