Жыл бойына бір температураны сақтап тұратын бұлақ. Бұл Шымкенттің қазынасы мен тарихынан сыр шерткен «Қошқар ата» өзені. Қазір қала тұрғындары шомылу маусымын бастап, өзенге барып жүр. Бірақ, мақсаттары ыстықтан қорғану ғана емес, қасиетті судың шипасын бойыға дарытып, түрлі дертінен айығу.

Маратжан Есімбеков «Қошқар атаның» шырақшысы, қорықшысы және тұрақты келушісі. Шипалы суды ластанудан, айналасын күл қоқыстан сақтауға септігін тигізіп, бәрін бақылауында ұстайды. 2000 жылдың тарихы бар осы қазынамызды сақтауымыз керек деп шырылдайды. Қазір билік тарапынан мол мұраны сақтауға, күтіп ұстауға көңіл бөлініп жатқанына қуанышты.

Дәл қазір өзен бойында адамның толассыз ағыны жоқ. Балалар мен бірнеше ересектер шипалы суға түсіп жүр. Жай ғана серуендеуге келетіндер жоқ емес. Алайда, шілденің аптап ыстығында 10 мыңға жуық адам келіп, ұзына бойы созылып ағып жатқан өзенде бос жер қалмайды. Алайда, қасиетті Қошқар ата соншама адамды да игеріп, суын тазартуын тоқтатпайды екен.

Аңыз бойынша, Қошқар атаның өзі білімді, көзі ашық, өз заманынан озып туған адам болған. Ақсақал су іздеп жүргендерге жөн сілтеп, тастың астынан осы бұлақты тауып берген деген де әңгімелер ел аузында жүр. Ең бастысы – қазыналы жерлерді күтіп-баптау, әлемге таныту ісі елімізде қолға алынып жатыр. Қошқар атаның да аумағы абаттандырылып, алдағы күндері адам танымастай өзгереді дейді шенеуніктер.