Шымкентте заңсыз айналымнан 316 келі есірткі тәркіленді. Бұл -соңғы бес айдың қорытындысы. «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында үшінші мегаполисте 254 есірткіге қатысты қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде есірткіні сату, заңсыз өсіру, аса ірі көлемде сақтау, жарнамалау және өзге де қылмыстық әрекеттер бар.

Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманбек Сахов мәлімдеді. Есірткі өсімдіктерін заңсыз егіп-өсіру деректерін анықтау мақсатында арнайы жедел топтар құрылып, рейдтік іс-шаралар өткізілді. Егістік алқаптарын әуеден бақылау үшін пилотсыз ұшу аппараты пайдаланылды. Тексеру нәтижесінде қала шетіндегі егістік аумақтан 127 келі тартатын 52 түп сора мен марихуана анықталды. Күдікті есірткі өсімдіктерін көкөністер арасына жасырып еккен. Сондай-ақ синтетикалық есірткіні байланыссыз жолмен таратумен айналысқан 27 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Тексеру кезінде одан жалпы салмағы 500 грамнан асатын 180 орама ұнтақ түріндегі есірткі заттары табылып, тәркіленді.


ҚҰРМАНБЕК САХОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ


Барлық анықталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деді полиция өкілі. Қалалық полиция департаменті өңірде «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту және есірткі құралдарының заңсыз айналымының жолын кесу бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.