Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңірлік делегацияның Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары жалғасып жатыр. Мақсат – туризм және өзге де салалар бойынша әріптестік орнату, тәжірибе алмасу. Жұмыс сапары Хорезм облысында жалғасып, маңызды келіссөздер жүргізілді.
Делегация Хиуа қаласындағы Ичан-Қала тарихи кешені мен Нуриллабой сарайын аралады. Өзбекстанның Хорезм облысында орналасқан Ичан-Қала – Хиуаның ежелгі орталығы. Бұл орталық ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Аумағы 26 гектарды құрайтын аумақ ішкі қамал қабырғаларымен қоршалған және онда ондаған сәулет ескерткіштері – медреселер, мешіттер, сарайлар мен мұнаралар орналасқан. Нұралхан Көшеров бастаған делегация Ичан-Қаланың басты нысандарын аралап, деректерімен танысып, тарихи мұраларды сақтау тәжірибесімен бөлісті. Өңір басшысы Түркістан қаласының да тарихи әлеуеті бар екенін атап өтіп, туризмді дамыту бойынша жаңа бастамаларды жүзеге асыру керектігін айтты.
Түркістандықтар Нуриллабой сарайында да болды. Бұл нысан кезінде Хиуа хандарының резиденциясы болған. Ерекше сарайда шығыстық өрнектер мен еуропалық стиль үйлесім тапқан. Сарай Мұхаммед Рахим II ханның бастамасымен салынған. Ішкі бөлмелерінде венециялық айналар, хрусталь люстралар, сәндік бұйымдар сақталған. Құрылысқа хиуалық шеберлер мен суретшілерден бөлек, шетелден де мамандар алдырған. Нысандарды аралау барысында Түркістан облысы мен Хорезм өңірінің өкілдері мәдени, тарихи және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде пікір алмасты. Туристік бағыттарды өзара ілгерілету, тарихи ескерткіштерді сақтау мен цифрландыру тәжірибесін ортақ жобаларда қолдану мүмкіндігін талқылады. Сапар соңында Нұралхан Көшеров қабылдаушы тарапқа ризашылығын білдіріп, Түркістан мен Хиуа арасындағы тарихи және мәдени байланыстар нығая түсетінін атап өтті. Айта кетейік, 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысына 830 мың турист келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп. Облыста туристер санын көбейту бағытында жүйелі жұмыс жанданады.