Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында «Ғылымның дамуы – мемлекеттің маңызды приоритеті» атты дөңгелек үстел өтті. Онда студенттер мен ғылыми қызметкерлер өзара пікір алмасып, Президент жолдауын талқылады. Болашақ ақ халаттылар мемлекет басшысы нұсқаған жаңашылдықтармен танысып, цифрландыру үдерісіне ой қосты.
Үкімет келер жылды «Ғылым жылы» деп бекітті. Соған сәйкес салаға бағытталатын қаржы көлемі ұлғаяды. Магистратура мен докторантураға бөлінетін мемлекеттік грант саны да артады. Біржан Сейіл бұл жас ғалымдарды жігерлендіріп, стимул сыйлайтынын айтады.
Медицина академиясында ғылыммен айналысуға толық мүмкіндік қарастырылған. Зертханалық лабораториялар, дереккөздермен жұмыс істеуге арналған кітапхана, жетекшілермен пікір алмасу алаңдары бар. Студенттер теориялық білімді іс жүзінде ұштайды.
СПИКЕР: МЕРЕЙ АСҚАР, СТУДЕНТТІК РЕКТОР
Президент нұсқаған маңызды бағыт – цифрландыру үдерісі. Жасанды интеллект барлық салаға дендеп еніп, жаңашылдықтарға жол ашты. Соның бірі – медицина. Академия өз студенттеріне арнап ай сайын шеберлік сағаттарын өткізеді. Онда жаңа технологиялар мен мүмкіндіктерді оқытып, жас буынды заман ағымына қарай бейімдеп отырады.
Дөңгелек үстел барысында академия қызметкерлері мен студенттер өзара пікір алмасып, мемлекет басшысының жолдауын талқылады.