Киелі жерлер – халқымыздың бірегейлігінің, рухани құндылықтарының алтын діңгегі. Түркістандық жастар өңірдегі сакралды нысандарды арнайы аралады. Бабалар рухына тағзым етіп, рухани жобаны жүзеге асырды.


Экспедицияның ашылу салтанатынан кейін жастар киелі Отырар ауданына сапар шегіп, Арыстан баб және Өзбекәлі Жәнібеков кесенелеріне зиярат етті. Қатысушылар бабалар рухына тағзым етіп, өңір тарихымен, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан тұлғалардың өмір жолымен танысты.

СЕЙДАЛЫ ДҮЙСЕБАЕВ, ТАРИХШЫ

Зиярат еттік, әулие-әмбилерге сәлем бердік. Өзбекәлі Жәнібеков бабамыздың зиратына сәлем бердік. Онда аялдауымыздың себебі бар. Ол – қазақтың руханиятына, мәдениеті мен тарихына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға.

«Тарихи таным» атты экспедиция Сауран қалашығында жалғасып, Ассамблея ұжымы мен жастары көне «Ескі Сауран» қалашығын аралады.

Сауран қалашығы – Қазақстанның ең көне және маңызды тарихи ескерткіштерінің бірі.


АРУЖАН БЕРІКҚЫЗЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Ескі қалашықтың қалай салынғанын, қазіргі жағдайын көрдік. Бізге осындай экспедициялар өте қажет. Бірлігіміз бен татулығымызға оң ықпал етеді. Алдағы уақытта үлкен жобаларды қолға алуымызға себеп болады.

 Сауран XIII–XVIII ғасырларда қазақ даласындағы ірі сауда, мәдениет және қолөнер орталығы болған. Ортағасырлық Сауранның берік дуалдары мен күрделі құрылыс жүйесі қаланың қорғаныс қабілетінің жоғары болғанын айғақтайды. Бір кездері қала Ұлы Жібек жолының маңызды торабында орналасып, аймақтың саяси және экономикалық өмірінде ерекше орын алған.