Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясының Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары жалғасып жатыр. Мақсат – әріптестікті нығайту, туризм саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру және тәжірибе алмасу. Жұмыс сапары Хорезм облысында жалғасып, Нұралхан Көшеров Хорезм облысының хокимі Журабек Рахимовпен кездесті. Өңір басшысы туризм саласындағы әріптестікті тереңдету мәселесін көтерді.

Кездесуде Түркістан – Хиуа бірыңғай туристік бағытын әзірлеу, екі өңір арасында мәдениет және қолөнер күндерін өткізу жайы сөз болды. Туристер үшін көліктік байланысты күшейту, облыстардың брендтерін халықаралық деңгейде бірлесіп ілгерілету мәселесі көтерілді. Тек туризм емес, басқа салаларда да бірлесе жұмыс істеу, бауырластық туралы меморандум жасау ұсынылды. Журабек Рахимов Хорезмге арнайы атбасын бұрған Нұралхан Көшеров пен облыс делегациясына алғысын білдіріп, өңірлер арасындағы байланыстар нығайып, ортақ жобалар жүзеге асарына сенім білдірді. Түркістан облысының делегациясы Хорезмдегі туристік фирмалар басшыларымен және өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Туризмді бірлесе дамыту мәселесін талқылады. Айта кетейік, 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысына 830 мыңнан астам турист келді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп.