Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында көрнекті дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, клиникалық және функционалдық медицина академиясының академигі Мұқан Кеңесбекұлы Егізбаевтың құрметіне арналған халықаралық мультидисциплинарлық мастер-класс өтті.


 Мұқан Егізбаев - еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосқан, Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының денсаулық сақтау басқармаларын басқарған, Шымкент қаласы мен Сайрам ауданының құрметті азаматы. Ол аймақтың медициналық жүйесін жетілдіруге, диагностиканың және емдеудің заманауи әдістерін енгізуге, жас мамандарды қолдауға үлкен еңбек сіңірді. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырып отырған іс-шара 6–7 және 11 қараша күндері өтеді. Мастер-класс аясында клиникалық медицинаның өзекті мәселелері бойынша тақырыптық баяндамалар мен оқу сессиялары өтеді. Сонымен қатар ақ халаттылар инновациялық технологияларды енгізу тәжірибесімен алмасып, бірқатар көрсетілімді операциялар жасайды. Үшінші рет өткізіліп отырған іс-шарада медицина саласына еңбегі сіңген бірқатар азаматтар академик Мұқан Егізбаев атындағы медальмен марапатталды. Мұндай іс-шаралар дәрігерлер арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға, ғылыми-тәжірибелік әлеуетті арттыруға және диагностика мен емдеудің озық әдістерін насихаттауға ықпал етеді.


АСҚАН БАЙДУВАЛИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Бұл аурухана Түркістан облысы медицинасының қара шаңырағы. Осы жерден талай үлкен азаматтар шыққан. Мыңдаған адамға күрделі ота жасалған. Бұл жұмыс басталғанымен, әлі де жалғасын тауып жатыр. Сол кісінің бастамасымен басталған трансплантология оталары жасалып жатыр. Соның барлығы Мұқан Кеңесбекұлы Егізбаевтың бастамасы.