Қазақстан Ибраһим келісіміне қосылды


 Қазақстан Ибраһим келісіміне қосылды.  Мемлекет басшысының Ақ үйдегі кездесуі кезінде, Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескен еді. Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы әңгімелесудің арқауы болды. Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.  АҚШ президенті Дональд Трамп бұл шешімді жоғары бағалап, Truth Social әлеуметтік желісінде жазба қалдырды. «Қазақстан — менің екінші президенттік мерзімімде Ибраһим келісіміне қосылған алғашқы мемлекет. Және бұл — көптеген елдің алғашқысы ғана. Бұл – әлем бойынша өзара түсіністік пен ынтымақ көпірін орнатуға бағытталған маңызды қадам», - деп жазды ол.  Саясаттанушылар бұл келісімді Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройын арттырып, бейбітсүйгіш ел ретіндегі позициясын нығайтатын қадам деп бағалап отыр.


 АЛИ МҰХАМБЕТ ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ

  Ибраһим келісімі АҚШтың бастамасымен құрылған. Оның түпкі мақсаты елдер арасындағы саяси ынтымақтастықты арттыру ғана емес экономикалық байланысты нығайту. Осылайша тұрақтылық орнаған соң дамудың алғышарттары жасала бастайды.


 Қазақстанның Ибраһим келісіміне қосылуы – елдің көпвекторлы және бейбіт дипломатияны ұстанатын сыртқы саясатының нақты көрінісі. Бұл қадам Таяу Шығыс аймағындағы диалогты дамытуға және жаһандық тұрақтылыққа үлес қосуға бағытталған.


НҰРЖАН ӨМІРБЕК ҚР СІМ ЖАНЫНДАҒЫ СЫРТҚЫ САЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ

Осы келісімге қосылу Қазақстанға ешқандай саяси, экономикалық, қаржылай немесе әскери міндеттерді жүктемейді. Бізге ешқандай құқықтық күрделіліктерді де тудырмайды. Қазақстан ешқандай саяси блоктарға да қосылмайды, ешқандай санкцияларды, күш көрсетулерді де қолдамайды ғой. Осыған байланысты біз келісімге қосылу арқылы бітімгерлік, бейбітсүйгіштік позицияларымызды, ұстанымдарымызды көрсетуге тырысамыз.