Бүгін «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов жастармен кездесті. Ол партияның ел дамуы жолында атқарып келе жатқан ауқымды жұмыстарына тоқталып, ауылдық аймақтарды өркендетуге бағытталған жаңа бастамаларды таныстырды.


Кездесу Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде ұйымдастырылды. Басқосуға оқу орнынЫң профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.Шара барысында Қайрат Қапарұлы партияның қазіргі кезеңдегі негізгі бағыттары мен стратегиялық басымдықтары жөнінде кеңінен баяндап, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне тоқталды. Елде қайғылы жағдай орын алған шақта партияның атқарған жұмыстарын баяндады.


ҚАЙРАТ АЙТУҒАНОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Солтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстанда, Сарыағаш ауданында үлкен апат болды. Бәрі де су астында қалды. Сол жылдары біз партия өкілдері мен облыс әкімдері жұмыла отырып жұмыс істедік.


 Жиын еркін форматта өтіп, студенттер өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, ой-пікірлерін білдірді. Диалог барысында жастар ел болашағына қатысты ұсыныстарын ортаға салып, ауылдық өңірлердің дамуына байланысты өз идеяларымен бөлісті.


 ГҮЛМИРА БЕРДІБЕКОВА, АКАДЕМИК Ә. ҚУАТБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ

Қазақстан аграрлы мемлекет болғандықтан, біз қашан да ауылды көтеруіміз керек.

Қазақстан өзін азық-түлікпен қамтамасыз етуі қажет.


 Шара соңында халық қалаулысы жастарды ел дамуы жолындағы бастамаларға белсене қатысуға шақырды. Сондай-ақ, ол білім мен еңбектің қоғамдағы маңызын ерекше атап өтіп, студенттерге табыс тіледі.