Төрт жылдықтың басты додасы Париж Олимпиадасына Шымкенттен 10 спортшы барады. Бұл Республика бойынша рекордты көрсеткіш. Маңызды сайыстың 3 жолдамасын жеңіп алған ескек есу шеберлері де қызу дайындыққа кірісіп кетті. Ляззат Тәжиева атындағы №4 спорт мектебінде лицензия иегерлерімен кездесу өтті. Әріптесім тарқатып айтады.

Байдарка мен каноэде есуден Токио қаласында өткен Азия чемпионатында жерлестеріміз Сергей Токарницкий, Руфина Искакова, Сергей Емельяновтар жеңіске жетті. Нәтижесінде Париж қаласында алауы тұтанатын Олимпиада лицензиясына қол жеткізді. Чемпиондармен арнайы кездесуге Ляззат Тәжиева атындағы спорт мектебінің тәрбиеленушілері және жаттықтырушылары қатысып, алдағы сында сәттілік тіледі.

Сергей Токарницкий, Байдарка мен каноэде есуден Азия чемпионы
-    Жапонияда өткен Азия чемпионаты мен үшін оңай болған жоқ. Себебі қатты жел тұрып, ауа райы қолайсыз болды. Десе де туындаған қиындықтарға қарамай, барымызды салып алтын медальға қол жеткіздік. Ең қиын қарсыластар Жапония мен Кореялық спортшылар болды. Олар әлем бойынша үздік ондыққа кіреді. Алдағы мақсатымыз, олимпиадада көк туды желбіреу. Ол үшін тынбай еңбек етеміз. Жаттығу жұмыстарына кірісіп кеттік.

 Ал, Руфина Искакова бұл спорт түріне 6 жыл бұрын келіпті. Жүзумен айналысып жүрген аруды бапкері байқап, осы спорт түріне шақырыпты. Нәтижесі көз алдымызда, Руфина бүгінде Әлем, Азия чемпионы әлем кубогінің иегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері. Ендігі сын олимп шыңын бағындыру.

Руфина Искакова, Байдарка мен каноэде есуден Әлем, Азия чемпионы
-    Жарыс жеңіл болмағаны анық. Себебі қарсыластарымыз мықты дайындықпен келген. Алайда бар күшімізді салып, Азия чемпионы атандық. Лицензия қолда, Енді Парижде өтетін жарыста жеңіске жету арманымыз.

Токиоға барарда бапкерлер тарапынан талап мықты болды. Күміс жүлде қажет емес, себебі лицензияға қол жеткізе алмай қалу мүмкін еді. Талапқа нәтиже сай. Ескек есуден 3 бірдей Шымкенттік спортшы Басты доданың жолдамасын жеңді.

Сергей Юрьевич, Әлем чемпионы Руфина Искакованың бапкері
-    Азия чемпионатында жеңіске жететінімізге дайын болып бардық. Себебі Олимпиаданың жолдамасы бізге ауадай қажет еді. Күміс жүлденің өзі біз үшін жеңіліс болды. Спортшылар үмітті ақтады. Ендігі мақсат Парижде жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, финалға жету.

Шымкенттіктер үшін халықаралық лицензиялық жарыстар аяқалды. Үшінші мегаполис саңлақтары Париж олимпиадасының 10 жолдамасын жеңіп алып, Республикада көш бастап тұр. Бұл жетіскке жетуде білікті бапкерлердің үлесі мол. Лицензиялық турнирлерді жеңіспен тәмамдаған спортшылар басты сайысқа дайындықты бастап кетті. Спортшыларымызға сәттілік тілейміз.