Шымкент қаласындағы жеңіл атлетика кешенінде қазақ  күресінен  ашық  турнирі өтті. Байрақты бәсеке спорт саласының майталманы, өңіріміздің спортын әлемдік деңгейге лайық дамытқан Қазақстан Республикасының  еңбек  сіңірген  жаттықтырушысы  Болат  Қырықбаевтың 63  жас мерейтойына  арналып отыр.

Даңқты спортшы күрестің үш түрінен КСРО-ның спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері, педагогика ғылымдарының кандидаты. Үш рет қатарынан облыс спортына жетекшілік еткен. Олимпиада ойындарынан 1 алтын,1 күміс  медальді жеңіп алуға үлес қосқан білікті маман. Оның бапкерлері мен шәкірттері спорттағы өнегесіне тоқталды.

Боз кілемде белдескен балуандар екі салмақта мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысына сәйкес 70 келі салмақ дәрежесінде: Шымкенттік Оспан Ғазиз бен Оралбай Бағдат және Түркістандық Шайқыислам Батырқан жеңіс тұғырынан көрінді.  Ал  90 келіде Жамбыл облысының тумасы Нүсіпәлі Азат және жерлестеріміз Тұрсынбек Асылжан мен Жұман Мұхамеджан үздік атанды.

Үздік өнерімен көзге түскен балуандар арнайы сыйлықпен марапатталды. Енді бұл күрес турнирі дәстүрлі түрде өтіп тұратын болады, деді ұйымдастырушылар.


ИЛИЯС ЖОЛДАС