Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында әйелдерді спортқа тарту, спорт саласындағы қыздардың үлесін арттыру өте маңызды. Осылай деген дене шынықтыру және спорт басқармасы мақсат аясында жүйелі жұмыс істеліп, спорттағы әйелдер саны артып келетінін айтты. Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында осы сынды бірқатар мәселелер көтеріліп, атқарылған жұмыстарға сараптама жасалды.

Комиссия төрағасы Сәрсен Құранбек кеңес жұмысын үйлестіріп, талқы барысын ширатып отырды. Баяндамашылар ұсынған ақпараттарға пікір білдіріп, жұмыстарды жетілдіру қажетін айтты. Оңды істердің көбейіп келе жатқанын атап өткен жауапты басшы, кейбір түйіткілдерді мәселерге де тоқталып, шешім жолдарын ұсынды.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Бір психолог 3800 баламен жұмыс істейді екен. Соны шешу мақсатында кемі 500 балаға бір психолог болсын деген ұсыныс білдіріп жатырмыз.»

 Комиссияның кезекті отырысында спорт басқармасының өкілі Ермек Дарменов баяндама жасап, атқарылар жұмыстардың жоспарымен бөлісті. Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту бағытындағы іс-шаралар легін түгендеп, комиссия мүшелері жолдаған сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ, жиында Әл-Фараби ауданы әкімінің орындасары Марат Әбдімәжитұлы аудандағы отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын жан-жақты баяндап, іске асыру жоспарларымен бөлісті.  

 МАРАТ ТӘЖІБАЕВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Ерте жүктіліктің алдын-алу, ана-мен баланың денсаулығын сақтау мақсатындағы жұмыстар туралы біз тұрақты түрде кездесу жұмыстарын жүргізіп отырамыз»

Комиссия отырысы әрі қарай сұрақ-жауап форматына ауысып, кеңес мүшелері баяндамашыларға қарата бірқатар көкейтесті сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды.