Арыс қаласында Қазақстанның көлік және логистика саласындағы жаңа әрі ауқымды нысан іске қосылды. Жаңа орталық ТМД елдерімен ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын Азия мен Еуропа елдерімен сауда байланыстарын күшейтуге бағытталған. Бұл азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және көлік шығындарын қысқартуға ықпал етеді.
Транспорттық-логистикалық орталықтың ашылуына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Кешеннің теміржолшылар қаласы саналатын Арыста орналасуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, сауда-саттықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Ең бастысы - арыстықтар тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.
Жоба құны 4 миллиард теңге. Орталық заманауи технологиялармен жабдықталған. Еуропалық талаптарға сай салынып, логистика саласындағы жоғары стандарттарға жауап береді. Мұнда теміржол кіреберіс жолдары және транспорттық-логистикалық орталығының жүк тасымалын ұйымдастыру бекеті бар. Сонымен қатар кедендік қызметтер де жедел әрі тиімді түрде ұйымдастырылған.
Сондай-ақ «Мега-Агат» ЖШС базасында күнбағыс, мақта және мақсары майын шығаратын зауыттың капсуласы салынды. Зауыт күн сайын 500 тоннадан астам күнбағыс майын шығарады.