Шымкент халықаралық туристік орталыққа айналды. Бұл бағытта қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы шетелдік әріптестерімен ынтымақтастық орнатып отыр. Биыл 388 мыңға жуық турист келсе, соның 24 мыңнан астамы шетел азаматтары. Сондай-ақ саяхатшыларды орналастыру орындарының саны да осы жылы біршама көбейген.   
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ:

Халықаралық серіктестікті дамыту бағытында 15 мемлекеттегі туризм саласының өкілдерімен 97 кездесу ұйымдастырылған. Осылайша Худжанд, Могилев, Байинь, Стивенейдж, Измир, Эскишехир, Адана, Балыкесир, Генуя, Паттайя, Ахарнон, Гроссетто, Сиань, Ош және Ванадзор қалаларымен мәдени және экономикалық серіктестік орнады.
БЕКСҰЛТАН ӘДІЛХАНОВ - ҚАЛАЛЫҚ ТУРИЗМ, СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР ЖӘНЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
- Сонымен қатар, креативті индустрияны қолдау мақсатында шілде айынан бастап әр сенбі күні Арбат жаяу жүргіншілер аумағы мен «City Mall» сауда орталығында жәрмеңкелер ұйымдастырылуда. Бұл шаралар шығармашылық кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, олардың өнімдерін монетизацияға шығару мен көлеңкелі саудадан шығуға мүмкіндік беруде. Қала экономикасына серпін беріп, жастар мен туристер арасында танымал шараға айналған бұл бастама Шымкенттің шығармашылық әлеуетін арттырып отыр.
 ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ: 

Маркетингтік іс-шаралар ауқымды нәтиже көрсетіп, халықаралық деңгейдегі танымалдылыққа жол ашып отыр. Маусым айында Қытайдың Үрімші қаласында өткен «Қытай – Қазақстан аумақтық байланыс» III форумында гастрономиялық фестиваль ұйымдастырылды. Іс-шараға 3 000-ға жуық қонақ қатысты. Ұлттық тағамдар фестивалі қаланың мәдениеті мен гастрономиялық ерекшелігін шетелдік аудиторияға кеңінен таныстырды. Сондай-ақ туризм басқармасы халықаралық блогерлермен де жұмысты нығайта түскен.
 БЕКСҰЛТАН ӘДІЛХАНОВ - ҚАЛАЛЫҚ ТУРИЗМ, СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР ЖӘНЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 28-30 маусым күндері 15 шетелдік және 15 отандық блогерлерге арналған ақпараттық-блог тур ұйымдастырылды. Түркия, Мысыр, Латвия, Әзірбайжан және Қырғызстан елдерінен келген блогерлер қала туралы 310 бейнематериал түсіріп, 108 пост жариялады. Жалпы жарияланымдардың қаралымы 11,5 миллионды құрады. 2024 жылдың 5 маусымында Шымкенттің дарынды жастарымен бірлесе «контент мейкерлер» клубы құрылды. Клуб мүшелері қала туралы фото және видеоматериалдарды әлеуметтік желілер арқылы насихаттайды.

 ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ: 

Туризмді дамыту мақсатында қалада заманауи қонақ үйлер саны артып келеді. Биыл 7 жаңа қонақ үй жұмысын бастады. Жыл соңына дейін тағы төртеуі келушілер үшін есігін ашады. Маусым айында құрылысы басталған бес жұлдызды “Hilton” қонақ үйі 2026 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Жалпы қала аумағында республикалық маңызы бар 7 тарихи-мәдени нысан орналасқан. Биыл Ибрагим ата, Қарашаш ана және Хызыр кесенелерінің аумақтары абаттандырылып, жарық шамдары мен жаңа орындықтар орнатылды.