Қазақстан тағы да Орталық Азиядағы ең мықты әскері бар ел деп танылды. Global Firepower 2025 жылға арналған әлем елдерінің әскери күш-қуатына қатысты рейтингін жаңартты. Онда Қазақстан Орталық Азиядағы ең әлеуеті жоғары ел атанды. Қазақстан былтырғымен салыстырғанда тізімде бір табан жоғарылап, 57-орынға тұрақтады.
Біздің елден кейін Өзбекстан тұр, Түркіменстан 77-ші, Қырғызстан 105-ші, Тәжікстан 108-ші қатарда. Ал әлемдік рейтингте АҚШ көш бастап тұр. Одан кейінгі орынға Ресей жайғасты, ал үздік үштікті Қытай қорытындылаған. Отандық сарапшылар да түрлі сайыстарда қазақ сарбаздарының жеңімпаз атанып, ерекше рухтылығымен көзге түсетінін айтады.
 Global Firepower рейтингі бірнеше жылдан бері жарияланып келеді. Оның авторлары 145 елдің әскерлерін 50-ден астам параметр  бойынша қарастырады: армия мен басқа да әскерилендірілген күштердің санынан бастап, оларды қаржыландырудан, мемлекеттердің географиясына дейін зерттейді. Әрине, бірінші кезекте әскери құрамдас бөлікке, әртүрлі қару-жарақпен жабдықтауға, белсенді әскерлер мен резервшілердің санына және т.б. назар аударылады.