Түркістан өңірінде негізгі капиталға инвестция тарту, су үнемдеу технологияларын ендіру жұмыстары жүйелі. Ғылыми негізде минералды тыңайтқыштарды енгізу, заманауи тауарлы сүт фермасын құру жоспарлары толығымен жүзеге асты. Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығында жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында қолға алынған. Өңірде жалпы өнім көлемі 1,1 трлн. теңгеге жетті.  Бүгінде аймақта көктемгі дала жұмыстарына дайындық қарқынды жүріп жатыр.
Түркістан облысының негізгі драйверлерінің бірі – ауыл шаруашылығы. Егістін науқаны өзге аймақтардан ерте басталады. Сондықтан көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізген жөн.  Мемлекеттік тетіктердің бәрін пайдаланып, диқандарға, шаруаларға тиісті қолдауларды көрсету керек. Ауыл шаруашылығы бойынша бекітілген индикаторлар орындалуы тиіс.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары егетін аумақ өткен жылдан 27 мың гектарға ұлғайып, 896 мың гектарға жеткізіледі. Оның ішінде: жаздық дақылдар – 518 мың гектар, күздік егіс – 204 мың гектар, ескі жоңышқа – 174 мың гектар. Егіс құрылымын қалыптастыруда рентабельділігі жоғары дақылдарға басымдық берілуде.
Дала жұмыстарына қолданыстағы 25 мың техника қызмет атқарады. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 12 мың трактор, 1 мың дән сепкіш, 554 соқа, 1 мың қопсытқыш құралдары бар. Дала жұмыстарына техниканың 98 пайызы  дайын. Өткен жылы мемлекеттік қолдаулардың тұрақты көрсетілуінің нәтижесінде, ауыл шаруашылығы техникалары 6,3%-ға жаңарды.