12 қаңтар мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туған күні. Осыған орай жылдағы дәстүр бойынша Шымкент қаласындағы қайраткер ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімдігінің өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар қала тұрғындары қатысты.
Шараға жиналған көпшілік Дінмұхамед Ахметұлының тау мүсініне қарап, гүл шоқтарын қойып, елі үшін тер төккен тұлғаның еңбегі мен өнегелі істерін тебірене еске алды. Тіпті Оңтүстік өңірдің шалғай аудандарынан да тау тұлғаның ізгілікті істері мен шарапатын көрген қариялар да ортадан табылды. Жиналғандар Дінмұхаммед Ахметұлы билік тізгінін ұстаған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала пайда болғанын тілге тиек етті.
Биыл Дінмұхамед Қонаевтың туғанына – 113 жыл. Бір туар тұлға халық үшін адал еңбек етіп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Есімі аңызға айналған ардақты тұлғаны халқы ешқашан ұмытпайды. Тарихи тұлғалардың артында қалған мұрасын жеткізу кейінгі өскелең ұрпаққа абыройлы парыз – дейді Шымкент қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Бауыржан Әлтеев.
Салтанатты шарадан кейін қазақ халқының ардақты перзенті Дінмұхамед Қонаевтың рухына тағзым етіліп, құран бағышталды.