Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында инвестиция тарту, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмысы күшейтіледі. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері Түркістан облысы әкімімен өткен мәжілісте қаралды. Әкім Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.
Түркістан облысында өндірілген ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 1 трлн теңгеден асқан. Еліміз бойынша өндірілетін өнімнің 13 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Көрсеткіш бойынша бірінші орында тұр.
ӘЛІБЕК ПЛАЛОВ - АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ
2025 жылғы 7 бағыт бойынша жұмыс жасайтын боламыз. Біріншіден, ауыл шаруашылығы дақылдардың өнімділігін арттыру көзделген. Егіс көлемі 37 мың гектарға артып, 906,2 мың гектарды құрайды деп күтілуде. Екіншіден, мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жалғасады. Үшіншіден, су үнемдеу технологияларын ендіру жұмысы жалғасып, жаңадан 47 мың гектарға ендіріледі. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы техникалары паркі жаңартылады. Салаға жалпы құны 155 млрд теңге тартылып, 35 жоба іске асырылады. Оның ішінде 7 қайта өңдеу кәсіпорны ашылады. «Ауыл аманаты» жобасын кооперацияға бағдарлау шарасы жалғасады. 2025 жылдың алғашқы кезеңіне 7,4 млрд теңге бөлініп, жаңадан 62 кооператив құрылады деп жоспарланған. Сонымен бірге облыста су нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.
Түркістан облысы үшін ауыл шаруашылық саласы маңызды. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін 146,1 млрд теңге тартылған. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада екінші орынға тұрақтаған. Жиында облыс басшысы аудан, қала әкімдеріне кәсіпкерлікке жауапты басқармамен бірлесіп, инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Әрбір ауданның ерекшелігіне сай шаруашылықты дамытып, жобалар жасап, өнімділікті арттыру қажет. Ет, сүт өндіру, инвестиция тарту көрсеткіштері төмендеген аудандар осы мәселеге назар аударсын. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстарымыз жалғасады.
Облыс басшысы сала жауаптыларына көктемгі дала жұмыстарын сапалы ұйымдастыру, шаруаларды жеңілдетілген жанар-жағармай мен тұқыммен қамтамасыз ету, инвестиция тарту жөнінде тапсырмалар берді.