«Асыл мұра» кітабының тұсауы кесілді. Шаңышқылы руынан тараған ұрпақтардың шежіресі жазылған жинақта ХІХ ғасырдан бергі уақыт қамтылған. Нақты деректер мен дәйектерге сүйене отырып жарық көрген туындының басты ерекшелігі Төребай және Құрбанбай аталардан тараған ұрпақтардың өмірбаяны естелік суреттермен көрсетілген.
Ұрпақтар арасындағы байланысты күшейтуді көздеген Кәрімберді қажы ата-бабасы жайлы деректерді көп ізденгенін айтады. Жинақтап қана қоймай, бейнелі шежіре жазуды ұйғарған ақсақал Шанышқылыдан тараған Төребай және Құрбанбай ата ұрпақтарының өмірбаянын естелік суреттермен толықтырыпты.
Бейнелі шежіре кітабында Төребай және Құрбанбай атадан тараған 483 жанның өмірбаяны жазылған. Кейінгі ұрпақ біле жүрсін деген мақсатта жарық көрген жинаққа әулеттің қыздары мен келіндері да енгізіліпті.
Кітаптың мазмұны ұрпақтар арасындағы байланысты күшейтіп, жас буынның ата-тегін тереңінен тануына бағытталған. Мұндағы бейнелі түрде келтірілген әрбір тұлға жастардың санасында із қалдырып, оларды рухтандырып, алға ұмтылдыратынына үлкендер қауымы бек сенімді.
2 ғасырға жуық уақытта Төребай және Құрбанбай ата ұрпақтарынан тараған 64 жан өмірден өтіпті. Жиында олардың аттары аталып, құран бағышталды. Ата-баба әруағына арналып ас беріліп, хатым құран түсірді.
Жеті атаны білу – тек тарихи деректермен танысу ғана емес, сол арқылы отбасылық тәрбиені, ұрпақтар арасындағы байланыс пен әлеуметтік жауапкершілікті нығайту болып табылады. Қазақ қоғамындағы жеті атаға дейінгі байланыс – әрбір ұрпақтың өз жолын, орнын анықтауға, ағайын-туыс арасындағы құрмет пен сыйластықты сақтауға бағытталған рухани дәстүр. Бейнелі шежіре кітабында жеті атаның жіктелуі мен әкенің батасы, қазақтың мақал-мәтелдері мен нақыл сөздері де жазылған. «Жебе» баспаханасында басылып шыққан кітап 304 беттен тұрады.