Шымкент қаласы әкімдігі заңсыз берілген жер телімдері мен нысандарды мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылдың соңында “Орталық су-спорт кешені” МКҚК сенімгерлік басқарудан мемлекет меншігіне қайтарылды. Нысан 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен сенімгерлік басқаруға берілген болатын.
Келісімшартқа сәйкес, сенімгерлік басқарушы нысанға 500 млн теңге инвестиция салып, салықтық міндеттемелерін уақытылы орындауға тиіс болған. Алайда келісімшарт талаптары орындалмаған. Басқарушы компанияның міндеттерін адал орындамауы салдарынан бүгінде ғимарат пайдалануға жарамсыз күйге түскен. Қабырғалары жарылған, кейбір еден жабындары опырылған. Алдын ала тексеру барысында кешеннің қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні және оны пайдалану азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні анықталған. 2018-2024 жылдар аралығында ғимаратты ұстау және су спорты түрлері бойынша спортшыларды даярлау үшін 1 млрд 218 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. 2021-2024 жылдар аралығында мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру аясында Орталық су-спорт кешенінде жұмыс істеген “Су спорты түрлері орталығы” ЖШС жалпы сомасы 335 миллион теңге көлемінде қаражат алған. Бұған қоса, компанияның бюджетке салықтық міндеттемелер бойынша 111 млн теңгеден астам қарызы және сот шешіміне сәйкес шамамен 179 млн теңге берешегі бар. Осының негізінде спорт кешені мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша биыл “Орталық су-спорт кешеніне” күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ мегаполис басшысы сенімгерлік басқаруға берілген барлық нысандарға жан-жақты тексеру жүргізуді және мүмкін бұзушылықтарды анықтауды тапсырды.