Ақтауда болған ұшақ апатынан 28 адам аман қалғаны туралы алғашқы ақпарат тарады. Ал соңғы деректер 32 адамға жеткенін мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, олардың екеуі - бала. Ал, Көлік министрлігінің мәліметінде бортта 6 қазақстандық, 37 Әзербайжан, 16 Ресей және 3 Қырғызстан азаматы болған деп көрсетілген.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар мен дәрігерлер тобы әлі жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету үшін Астанадан мамандар аттанған. Мұны Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.
«Қазір біз мамандарды, травматологтарды, нейрохирургтерді және тағы басқа дәрігерлерді жіберу үшін санитарлық авиацияның рейсін дайындадық. Мамандар оқиға орнына жедел жетіп, көмек көрсетуге дайын».
Бакудан Грозный қаласына бет алған әуе кемесі ауа райының қолайсыздығына байланысты межелі жеріне жете алмай, Махачкала әуежайына қонбақшы болған екен. Алайда, қалың тұман салдарынан ұшақ бағыты өзгерген көрінеді. Сөйтіп, Ақтау әуежайынан көмек сұраған. Өкінішке орай, әуе кемесінің жолында кедергілер туындағаны жайлы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Ұшақтың құлаған сәтін куәгерлер түсіріп алған.
"ЭмбРайр190" әуе кемесі Azerbaijan Airlines компаниясына тиесілі екен. Соңғы мәліметтерге сүйенсек , бортта 64 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Ұшақ апатынан 32 адам аман қалған. Олардың арасында Қазақстан азаматтарының тізімі жоқ. Ал, қаза тапқандар туралы ақпарат нақтыланып жатыр. «Baza» телеграм арнасы ұшақта болған жолаушылардың тізімін жариялады. Онда 62 адамның аты-жөні көрсетілген.