Шымкентте тағы 3 «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталып, пайдалануға беруге дайын. Білім ордалары қаңтардан бастап оқушыларға есігін айқара ашады. Қала әкімі ғимараттарды аралап шығып, өз бағасын берді. Бұл жоба білім сапасын арттыру және оқушыларға қолайлы орта құру бағытындағы маңызды қадам екенін айтты.
Кең және жарық кабинеттер. Заманауи құрылғы, жаңа технологиялармен жабдықталған зертханалар. Аумағы кең асхана мен талапқа сай спорт залдары. Мұның бәрі «Жайлы мектептің» мүмкіндіктері. Әр мектепте тазалық пен қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінген.
МИРА СҮЛЕЙМЕНОВА, №143 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРУ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Құрылысы аяқталып бітті, 3-тоқсанның ішінде қаңтар айынан бастап оқушы қабылдау жоспарлануда. СЭС-тің рұқсатын алған күннен бастап оқушы қабылдаймыз. Жалпы мектепте 59 оқу кабинеттері бар, 85 жаңа заманауи технологиямен жабдықталған кабинеттер оқушылар мен мұғалімдерге қызмет көрсетеді. Акт зал, 2 спорт залы бар»
Жаңа мектептер қаладағы білім ошағының тапшылығын азайтуға бағытталған. Әр мектепте бір ауысымда 1200, 2000-ға дейін оқушы білім алады. Бұл жаңа нысандардың ашылуы оқушыларды үш ауысымдық кестеден толық арылтуға көмектеседі. Жаңа жыл қарсаңында ашылған №143, 145-мектептер Достық, Тұран-2 және Нұртас шағын аудандарында орналасқан.
ЖАҢАБАЙ ТӘЖІМБЕТОВ, "SAMRUK-KAZYNA CONSTRUCTION" АҚ ӨҢІРЛІК БАСШЫСЫ
«Бүгін 3 мектеп ашылып жатыр. Оның екеуі 2000-дық, бір мектеп 1200-дік, ол Тұран-2 шағын ауданында 4-кварталда ашылып отыр»
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл мектептер тек білім беру ордасы емес, оқушылардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін орын екенін айтты. Сондай-ақ, бұл бастама жас ұрпақтың сапалы білім алуына мемлекет тарапынан қолдаудың мол екенін білдіреді.