Шымкентте жеңіл атлетикадан Азия чемпионатын өткізу жоспарланып отыр. Ауқымды додаға 2 мыңнан астам спортшы мен ресми өкіл қатысады деп күтілуде. Бұл қаладағы спорт инфрақұрылымының әлеуетін арттырып, туризм саласына да оң әсер етпек.


Алдағы ірі жарыстардың бірі – XXXV Ғұсман Қосанов мемориалы. Дәстүрлі халықаралық турнир 30 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Биылғы додаға Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан, Жапония, Филиппин, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Египеттен 800-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарланған. Жарыс қарсаңында Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы Орталық стадион толық жаңғыртудан өтті. Нысан халықаралық талаптарға сай заманауи спорт кешеніне айналды. Жеңіл атлетика инфрақұрылымы жаңартылып, олимпиадалық дисциплиналарға арналған жаңа құрал-жабдықтар сатып алынды. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар Шымкентте халықаралық деңгейдегі жарыстарды тұрақты өткізуге мүмкіндік береді.