Шымкентте орман алқабында өрт шығып, бірнеше гектар аумақ отқа оранды. Жалын тұрғын үйлерге таралып, азаматтар зардап шекті. Абырой болғанда, төтенше жағдайлар қызметі кәсібилік танытып, тілсіз жауды қысқа уақыт ішінде ауыздықтады. Бұл - «Өрт–2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының сценарийі.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Орман алқабында өрт тұтанып, бес тұрғын үйге қауіп төнді. Лаулаған отты ауыздықтау оңай емес. Мұндай сәтте төтеншеліктер бірер минут та кідірмей, бар күшін жұмылдырады. Өртті сөндіру үшін су айдынынан да, құрлықтан да техника тартылады. Әр секунд санаулы, әр минут қымбат. Өйткені төтенше жағдай қателікті кешірмейді.
Бұл - оқу-жаттығу сценарийі. Мамандар алдын ала дайындалған жоспар негізінде кәсіби шеберліктерін шыңдап, біліктіліктерін арттырды.
АҚМЫРЗА БАБАШ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД ҚЫЗМЕТКЕРІ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ МАЙОРЫ
Өрт тұрғын үйлерге тарады. Сол жерде біздің екі өрт сөндіру көлігі жұмыс істеді. Жоғарыдан су берілді. Бұл - орман алқабында өрттің таралып кетпеуі үшін жасалған шара. Үй ішінен адамдар эвакуацияланып, 103 қызметі зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетті.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Төтенше жағдайды еңсеру бір маманның немесе бір қызметтің ғана қолынан келмейді. Мұндайда тұтас бригада жұмылады. Жедел жәрдем алғашқы медициналық көмек көрсетеді, психологтар зардап шеккендерді сабырға шақырады. Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен күресіп, арнайы мамандар адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялайды.
ЕРҒАЛИ ОШАҚБАЙ, ДӘРІГЕР-ХИРУРГ
Оқу-жаттығу сценарийі бойынша зардап шегуші екінші дәрежелі күйік алған. Алғашқы көмек көрсетілді, қазір жағдайы тұрақты. Кейін стационарға жіберіледі.
ЛӘЗЗАТ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД ПСИХОЛОГЫ
Егер төтенше жағдай кезінде зардап шеккен адамға дер кезінде психологиялық көмек көрсетілмесе, ол өмір бойы ішкі үреймен қалуы мүмкін. Қатты стресс салдары депрессияға әкелуі ықтимал. Сондықтан психологиялық қолдау міндетті түрде қажет.
Оқу-жаттығуға 134 маман мен 37 бірлік техника қатысты. Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде құрғақ шөп пен желдің әсерінен тілсіз жау жылдам таралады. Сондықтан мұндай жаттығулар қауіптің алдын алуға және қызметтердің дайындығын пысықтауға мүмкіндік береді. Төтеншеліктер үшін ең бастысы - адам өмірінің қауіпсіздігі.
АСҚАР ШӘРІП, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ
Бірінші кезекте адамның өмірі құтқарылады. Егер өрт салдарынан тұрғындардың өміріне қауіп төнсе, оларды дереу эвакуациялау жұмыстары жүргізіледі. Одан кейін өрттің басқа аумақтарға таралуына жол бермеу шаралары қабылданады.
Оқу-жаттығу барысында ұйымдастырылған сценарий шынайы жағдайға барынша жақындатылған. Бұл азаматтық қорғау қызметтерінің орман-дала өрттеріне қарсы әрекет ету дайындығын бағалауға және жедел шешім қабылдау қабілетін жетілдіруге мүмкіндік берді.