Түркістанда бірқатар азаматқа құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Түркі мемлекеттері ұйымының саммитін жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге үлес қосқан азаматтарға Мемлекет басшысының ыстық ықыласын жеткізді.


Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы және өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Облыс әкімі саммиттің тарихи маңызы мен өңірдің даму көрсеткіштеріне тоқталды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Бұл – бірліктің, жауапкершіліктің және ортақ еңбектің нақты нәтижесі. Осы ретте іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін ұйымдастыруға және өткізуге елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.»


Шара барысында күн-түн демей еңбек еткен азаматтар құрмет төрінен көрінді. Коммуналдық сала қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, еріктілер және қала тазалығы мен көркеюіне атсалысқан тұрғындар марапатталды.


 ЕРДОС ҚОНЫСОВ, С. ЕРУБАЕВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ МУЗЕЙІ МКҚК ЭКСКУРСОВОДЫ
 «Саммит қорытындысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңір тұрғындарына және іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта да осы қарқынды сақтап, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бірлігіміз бекем, еңбегіміз нәтижелі болсын.»


Айта кетейік, Түркістанда өткен саммит жоғары деңгейде ұйымдастырылып, халықаралық қауымдастық тарапынан оң бағасын алды. Түркі әлемінің рухани астанасында өткен жиында бауырлас елдер арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланып, бірқатар маңызды бастамалар көтерілді.