Түркістан облысына Қытайдың Гуйчжоу провинциясынан ресми делегация келді. Тараптар инвестиция тарту, сауда-экономикалық байланысты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында цифрлық технологиялар, туризм және өндіріс салаларындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды. Шетелдік қонақтар Түркістан қаласының туристік әлеуеті мен сәулеттік келбетін жоғары бағалады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, туризм, көлік-логистика, білім және сауда салалары бойынша әріптестік орнатуға қызығушылық білдірді. Тараптар өңіраралық байланысты жаңа деңгейге көтерудің маңызын атап өтіп, алдағы уақытта бауырластық туралы келісімге қол қою бастамасын талқылады.
ҚАНАТ ҚАЙЫПБЕК, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінде өңірімізде шетелдік инвесторлардың табысты жұмыс істеуіне барлық қолайлы жағдай жасалған. Қытай мен Еуропа елдері арасындағы құрлықтық жүк тасымалының 85 пайызы Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзит дәлізіне тиесілі. Сонымен қатар Орталық Азияны Ресей және Сібір аймағымен байланыстыратын стратегиялық теміржол магистральдары да өңір аумағы арқылы өтеді.
Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 миллиард АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде Түркістан облысының үлесі – 684,3 миллион доллар. Қазір өңірде Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.