Қазақстанда жазғы демалыс пен мектеп каникулы кезінде көлік қатынасының қолжетімділігін арттыру үшін қосымша шаралар қабылдануда. Жолаушылар сұранысының артуына байланысты танымал туристік бағыттар бойынша пойыздар мен әуе рейстерінің саны көбейеді. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі хабарлады.


2026 жылдың жазғы маусымында 15 қосымша теміржол маршруты іске қосылады. Қосымша пойыздар 16 маусымнан бастап қатынай бастайды. Соның нәтижесінде жаз мезгілінде жолаушыларға шамамен 550 мың қосымша орын ұсынылады. Жазғы маусымда пойыз құрамдары да ұлғайтылып, вагон саны орта есеппен 19-21-ге дейін көбейеді. Ал маусымаралық кезеңде бұл көрсеткіш 13-15 вагонды құрайды. Сонымен қатар маусым-тамыз айлары аралығында Астана – Балқаш, Үржар, Үшарал және Алматы – Балқаш, Үржар, Үшарал бағыттары бойынша аптасына жетіге дейін қосымша әуе рейсі ашылады. Министрлік мәліметінше, аталған бағыттардағы әуе билеттерінің бағасы әлеуметтік қолжетімді деңгейде сақталады. Яғни билет құны 16 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болады. Бұл тұрғындардың туристік аймақтарда жазғы демалысын қолжетімді ұйымдастыруына мүмкіндік береді.