Шымкентте жыл басынан бері тұрғындарға 200-ге жуық жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетілді. Бұл қала медицинасының дамып, күрделі ауруларды емдеу мүмкіндігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Олардың қатарында ми қан-тамырларының күрделі ауруларына жасалған операциялар, жүрек-қан тамырлары сырқаттарын емдеу, сондай-ақ бүйрек пен бауыр алмастыру оталары бар. Мамандар мұндай жоғары деңгейдегі ем-дом көптеген науқастың сауығып кетуіне мүмкіндік беріп отырғанын айтады. Айта кетейік, жоғары технологиялы оталар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалады. Қаладағы екі ірі ауруханада нейрохирургиялық күрделі операциялар тұрақты түрде жүргізіледі. Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде кей науқастар шетелге бармай-ақ, қажетті емді Шымкенттің өзінде ала алады. Сонымен қатар мегаполисте бауыр мен бүйрек алмастыру оталары да сәтті жүзеге асырылып келеді. Бұған дейін қалада үш жүрек алмастыру отасы жасалған. Жалпы, Шымкентте жоғары технологиялы медицинаның дамуы тұрғындардың сапалы ем алуына мүмкіндік беріп отыр.