Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, әлемде жыл сайын 7 миллион адам темекі шегудің салдарынан көз жұмады. Улы өнім өкпе обырына, жүрек-қан тамырлары ауруларына, инсультке және қатерлі ісікке әкеледі.


Мамандардың айтуынша, темекі есте сақтау қабілетін тежеп, интеллектуалдық деңгейдің әлсіреуіне әсер етеді. Сондай-ақ психикалық бұзылыстарға әкеліп, адамды ашушаң, күйгелек етеді. Белсіздік пен бедеуліктің де негізгі себептерінің бірі осы. Бұдан бөлек зияны да шаш етектен. Наркологтар мектептер мен университеттерде жастарға темекінің зиянын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.


БАҒДАТ ИДИЯЕВ, ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қазіргі электронды темекілерде иіс болмайды. Сондықтан ата-аналар баласының темекі шегіп жүргенін байқамауы мүмкін. Балалар электронды темекіні жай түтін деп ойлайды, алайда оның құрамында химиялық заттар бар.»


Темекі өнімдері тәуелділік тудырады. 10–20 жыл бойы шегіп жүрген адам үшін оны бірден тастау оңай емес. Мұндай жағдайда дәрігер кеңесіне жүгіну қажет. Наркологтар науқастарға арнайы ем-дом жүргізіп, дәрі-дәрмек арқылы көмектеседі.


 РАУШАН АСАНҚЫЗЫ, ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХИАТР-НАРКОЛОГ ДӘРІГЕРІ
«Психикалық денсаулық орталығына келіп, дәрігердің қабылдауына жазылып, тегін тексеруден өтуге болады. Бізде темекіге қарсы арнайы кабинет жұмыс істейді. Тәуелді адамдар сол жерде ем қабылдай алады. Тегін әрі анонимділік сақталады.»  


Дүниежүзілік темекімен күрес күніне орай психикалық денсаулық орталығында дөңгелек үстел өтті. Оған ақ халаттылар, тәртіп сақшылары мен білім саласының өкілдері қатысты. Олар темекіге тәуелділіктің алдын алу және күресу жолдарын талқылады.