6506 әскери бөліміне су жаңа 26 автокөлік берілді. Машиналар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тыныштықты сақтау мақсатында пайдаланылады. Техникалар Ұлттық ұланның бас қолбасшылығы тарапынан табысталды. Енді оларды қатардағы жауынгерлер тізгіндеп, күтіп-ұстауға жауапты болады.


Әскери бөлімге Hyundai Tucson маркалы 16 су жаңа автокөлік табысталды. Сондай-ақ тағы 10 қызметтік көлік берілді. Оларды жүргізу үшін жүргізуші куәлігі бар 26 сарбаз іріктеліп, екі айлық қосымша дайындықтан өткен.


ЫҚЫЛАС АСХАТҰЛЫ, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР
«Жол ережелерін үйретті. 10–15 күндік оқу болды. Сонымен қатар екі апта сайын 50–300 шақырымдық марштарға қатыстық. Бір колоннаға тізіліп, белгіленген орынға дейін жүрдік. Бұған дейін де көлік жүргізіп жүрдім, 3 жылдық тәжірибем бар.»


Әскери бөлімнің автопаркінде 200-ге жуық қызметтік көлік бар. Мамандардың айтуынша, жаңа техникалар жауынгерлердің материалдық-техникалық базасын күшейтіп, жұмыс тиімділігін арттырады. Жүргізуші сарбаздар мерзімді қызметін аяқтаған соң, көліктер келесі шақырылым жауынгерлеріне беріледі.


 ИДРИС ЧАУШОВ, 6506 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ КОМАНДИРІНІҢ ТЕХНИКА ЖӘНЕ ҚАРУ-ЖАРАҚ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
«Бекітілген жас сарбаздар қызметін аяқтап, үйлеріне қайтқан соң, автокөліктер келесі сарбаздарға беріледі және қызметін жалғастырады.»


Көліктерді сарбаздарға 6506 әскери бөлімінің командирі табыстап, жолда мұқият болу қажеттігін ескертті. Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жауынгерлік тапсырмаларды жауапкершілікпен орындауға шақырды.