Шымкент мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері шаһардағы бес білім ордасының құрылыс барысымен танысты. Төраға Бұхарбай Парманов бастаған топ мердігерлерге жұмыстарды сапалы әрі мерзімінде орындау қажеттігін ескертті.
Қоғамдық кеңес өкілдері алдымен А. Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейдің күрделі жөндеу жұмыстарын аралап көрді. Мұнда қазіргі таңда мердігер мекеменің 100-ге жуық қызметкері жұмылдырылған. Алдағы уақытта олардың саны 200-ге дейін ұлғайтылмақ. Жобаға сәйкес, мектептің жылу жүйесі де толық жаңартылады. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде.
ӨМІР ШЫНЫБЕКҰЛЫ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ
«Бұл мектеп 1958 жылы пайдалануға берілген. Кейін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда қазіргі талаптарға сай келмейді. 1 қыркүйекте осы мектептің ашылуына қатысамыз деп үміттенемін.»
Қазіргі таңда №46 мектеп-лицей ғимаратында да күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Мердігер мекеме мектептің қасбеті мен шатырын толық ауыстырады. Сондай-ақ «Білім-инновация» ер балаларға арналған №1 лицей-интернатының жатақханасында да жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде.
ЕРБОЛ ЕРМАХАНҰЛЫ, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ЕР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН №1 ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Жөндеу жұмыстары 1 мамырда басталды. Оқу жылы басталғанға дейін аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Қазір лицейде 375 оқушы білім алады, олардың 340-ы жатақханада тұрады.»
Сонымен қатар қоғамдық кеңес мүшелері №106 «Қайнарбұлақ» жалпы орта мектебі мен Хамза атындағы №42 мектептің де күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
БҰХАРБАЙ ПАРМАНОВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ
«Барлық нысанды аралап шықтық. Жұмыстар енді басталды. Басты мақсат – сапа мен мерзімді сақтау. Тамыздың 15–20 аралығында аяқтаймыз деп отыр. Қоғамдық кеңес жөндеу жұмыстарының сапасын қадағалайды.»
ОЛЖАС АСЫЛХАН, ТІЛШІ
Бұхарбай Парманов бастаған қоғамдық кеңес өкілдері қаладағы бес мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Құрылыс келесі оқу жылы басталғанға дейін аяқталады деп жоспарланған. Мердігерлерге қойылған басты талап – жұмысты сапалы әрі уақытында орындау. Алдағы уақытта бұл нысандар қоғамдық кеңестің тұрақты бақылауында болады.