Соңғы жылдары елімізде балалардың сөйлеу тілінің кешігуі жиілеп барады. Мамандар мұның басты себептерінің бірі – гаджетке тәуелділік екенін айтады. Смартфон мен планшетке ұзақ телмірген бүлдіршіннің қоршаған ортамен байланысы әлсіреп, сөйлеу дағдысы баяу дамиды. Ал ата-аналар мәселені көбіне кеш байқайтынын айтады. Мамандар қандай кеңес береді? Аружан Самидиннің бейнематериалы.
Бұрынғының баласы жеті атасын жатқа білсе, бүгінгінің бүлдіршіні жеті сөздің басын құрауға қиналады. Мамандар мұның басты себептерінің бірі – цифрлық тәуелділік дейді. Мәселен, Асанәлі Мұқат 5 жасына дейін сөзін анық жеткізе алмаған. Қазір логопед көмегіне жүгініп жүр. Ата-анасы гаджет қолдану уақытын шектеген соң баланың сөздік қоры көбейе бастаған.
БАТЫРХАН ҚАРАҚОЙШИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Шынымды айтсам, бұрын балам жыламасын, тыныш отырсын деп қолына телефонды жиі ұстата беретінбіз. Сол кезде оның зияны барын онша түсінбедік. Бірақ уақыт өте келе баламыздың сөздерді анық айтпайтынын, өз ойын жеткізуге қиналатынын байқадық. Содан кейін мамандарға жүгініп, кеңес алдық.Қазір біз гаджет қолдану уақытын қатаң шектедік. Оның орнына баламен көбірек сөйлесуге, бірге ойын ойнауға, кітап оқуға тырысамыз.
Экраннан көз алмайтын жеткіншектер ұзақ мәтінді қабылдауға қиналып, есте сақтау қабілеті де әлсірейді. Ал мамандар мұндай балалар санының артып келе жатқанын айтады.
ГҮЛМИРА ОТАРОВА, ДЕФЕКТОЛОГ–ЛОГОПЕД
Бүгінде бізге келетін балалардың арасында сөйлеу тілінің кешігуі жиілеп кетті. Көп жағдайда оның басты себебі – гаджеттерді шамадан тыс пайдалану. Бала экранға қарап отырып, дайын ақпаратты ғана қабылдайды, ал өзі сөйлеуге, ойын жеткізуге тырыспайды. Соның салдарынан сөздік қоры азайып, дыбыстарды дұрыс айту да кешеуілдейді.
Мамандар цифрлық тәуелділіктен арылудың жолдары бар екенін айтады. Кітап оқу, түрлі ойын ойнау, табиғат аясында серуендеу – баланың тілін дамытып, ойлау қабілетін арттыратын тиімді тәсілдер. Сондай-ақ бүлдіршінмен жиі сөйлесіп, сұрақтарына жауап беру арқылы сөздік қорын дамытуға болады.
БЕКЗАТ ТӨЛИЕВ, АДАПТИВТІ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МАМАНЫ
Қазіргі балалар қысқа форматтағы ақпаратқа үйреніп қалған. Олар ұзақ мәтінді тыңдауға немесе түсінуге қиналады. Сабақ барысында да зейіні тез бөлінеді, терең ойлануға шыдамдылық жетіспейді. Бұл – цифрлық ортаның әсері. Сондықтан біз оқу процесінде балаларды қайтадан кітап оқуға, әңгімелеуге, ой бөлісуге дағдыландыруға тырысамыз.
Баланың зияткерлік дамуы үшін цифрлық тепе-теңдікті сақтау маңызды. Психологтар смартфонды толықтай алып қоюдан бұрын, оны дұрыс пайдалануды үйрету қажет екенін айтады.
АРАЙЛЫМ ӘБДУӘҚАП, ПСИХОЛОГ
Цифрлық тәуелділік баланың тек сөйлеуіне ғана емес, жалпы психологиялық дамуына әсер етеді. Балаға гаджетті шектеп қана қоймай, оның орнына сапалы уақыт бөлу керек: бірге ойнау, серуендеу, әңгімелесу – осының бәрі баланың дамуына оң әсер етеді.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Санасы сергек, ойы зерек ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі қоғам алдындағы маңызды міндеттің бірі. Сондықтан сарапшылар гаджетке толық тыйым салудан гөрі, оны дұрыс әрі шектеулі қолдану мәдениетін қалыптастыру қажет екенін алға тартады.