Шымкент қаласында балаларға арналған оңалту қызметтерінің сапасы жыл сайын артып келеді. Денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда жыл басынан бері 3500-ге жуық бала оңалту емінен өтті.


 Мамандардың айтуынша, ерекше балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы жақсарған. Соның нәтижесінде оң динамика да жоғарылап отыр. Оңалтудан өткен балалардың басым бөлігінің денсаулығы жақсарып, үйлеріне шығарылған. Қаладағы №1, №2 және «Мейірім» оңалту орталықтарында церебральды сал ауруының спастикалық түрін емдеуде ботулотоксин терапиясы кеңінен қолданылып келеді. Бұрын мұндай ем алу үшін ата-аналар Астана мен Алматы қалаларына баруға мәжбүр болса, бүгінде бұл қызмет Шымкенттегі медицина ұйымдарында да қолжетімді. Қазір №1 және №2 оңалту орталықтары, «Мейірім» орталығы, №2 оңалту орталығы базасында ашылған «Қамқорлық» орталығы мен «Психикалық денсаулық орталығы», сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс аясындағы жекеменшік орталықтар да қызмет көрсетуде.