Елімізде автосақтандыру бағасы күрт өсуі мүмкін. Осы жаздың алғашқы күнінен бастап тарифтер 40 процентке қымбаттауы ықтимал. Және бұл өзгеріс  жылдар бойы ереже бұзбай, апатсыз айдаған жүргізушілердің баяғы жеңілдіктері күйіп кетуіне әкеп соғады дейді мамандар.


Сақтандырушылар мұны нарықтағы шығынның артуымен түсіндіріп әлек.  Қымбатшылыққа жолдардағы апаттың көбеюі мен сақтандыру төлемдерінің ұлғаюы себеп болып отырғанын алға тартады. Қазіргі таңда, еліміздегі жүргізушілердің басым бөлігі темір тұлпарды апатсыз тізгіндегені үшін 50 пайыздық жеңілдік иеленіп келген еді. Жаңа тәртіп бұл мүмкіндіктерді айтарлықтай қысқартпақшы. Яғни, тәжірибелі жүргзушілердің де қалтасы қағылуы да ғажап емес. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта компанияларға скоринг, яғни жүргізушінің жауапкершілігін автоматты бағалау жүйесін қолдануға рұқсат берілуі мүмкін. Бұл дегеніміз, жүйе сіздің жасыңызға, көлік айдау өтіліңізге және бұрынғы айыппұлдарыңызға қарап, бағаны жеке-жеке есептейді деген сөз.