Түркістанда облыстық қоғамдық кеңестің он төртінші кеңейтілген отырысы өтті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту, цифрландыру және көлік инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту бойынша нақты міндеттер жүктеген. Осыған сәйкес облыста экономикалық әлеуетке кешенді талдау жүргізіліп, аудан-қалалардың өндірістік мүмкіндігі мен ішкі нарық сұранысы сараланған. Нәтижесінде импортқа тәуелді салаларды дамыту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында бірқатар жоба қолға алынған.
НҰРАЛЫ ӘБІШОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Біз бұрын ішкі қажеттіліктің небәрі 10 пайызын ғана өзіміз қамтамасыз етіп келдік. Қалған өнімдер сырттан тасымалданатын. Қазір өңдеу өнеркәсібіне басымдық беріліп, бұл көрсеткіш 30 пайызға жетті. Алдағы үш жылда оны 40 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, инвестиция тарту, өндірісті дамыту және импортты алмастыру бағытындағы жұмыстар қарқын алған.
ҚАНАТ ҚАЙЫПБЕК, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
2025 жылы облыстың сыртқы сауда айналымы 3,5 миллиард АҚШ долларына жетіп, өсім 34,6 пайызды құрады. Соңғы үш жылда экспорт көлемі 42 пайызға артып, 1,8 миллиард долларға жетті. Импортты алмастыру бағытындағы жұмыстар нәтижесінде жалпы құны 176 миллиард теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске қосылды.
Ал облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің даму басымдықтарына тоқталды. Сөзінше, «Ауыл аманаты», «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламалары арқылы көптеген мәселе шешімін тауып келеді. Сонымен қатар ауыз су, газ, электр және жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгінде экономикалық дамуға басымдық беріп отырмыз. Себебі барлық мәселе экономикамен тікелей байланысты. Біз өз-өзін толық қамтамасыз ететін өңірге айналуымыз керек. Президент өңдеу өнеркәсібін дамыту міндетін жүктеді. Осы бағытта өндірістік парктер салынып жатыр. Алдағы уақытта мұндай жобалар ауылдарда да жүзеге асады.
Биылғы алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша облыстың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 125 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. Ал 2026-2029 жылдарға жалпы құны 2,8 триллион теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның тізімі жасақталған. Нәтижесінде 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.